«Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті. Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Басқарма Төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.
Басшылық жасаған кезінде Болат Жәмішев Қордың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Қор 104 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасына бастамашы болып, оның 62-сін іске асырды. 29 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қор Басқармасының мүшелерінің қатысуымен өткен брифингте «Қазақстан халқына» қорының жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
Қордың қайырымдылық жобалары денсаулық сақтау жүйесін дамытудың, ауылдағы білім беру мен елдегі әлеуметтік қолдаудың, жаңа стандарттарды белгілеудің және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертудің драйверіне айналды.
Қор мен оның серіктестерінің қолдауымен аудандық және облыстық оңалту орталықтарын дамытуды, шағын жинақты мектептерде жаңа білім беру технологияларын қолдануды қоса алғанда, ауылдық жерлердегі тірек мектептер желісін құру, робототехника кабинеттерін дамыту, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер үшін білім гранттарын іске қосу, инновациялық таргетті препараттар мен заманауи медициналық жабдықтарды сатып алу сияқты маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Шалғай елді мекендерде спортпен шұғылдану үшін Қордың қолдауымен ауыл жастарына арналған 100 спорт залы ашылды. Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхана жаңартылып, ауылдық комьюнити орталықтарына айналуда.
Қор Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккен 627 отбасы үшін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақорданың ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, «Қазақстан халқына» Қорының жұмысын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Қордың азаматтарды әлеуметтік қолдауға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға қосқан қомақты үлесін атап өтіп, бұл бағыттағы қызметті жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілікті іс болды. Қор қызметінде біздің бастамаларымызды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Біз бірігіп айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және Қордың жаңа басшылықпен өз дамуын жалғастыра беретініне сенімім мол. Барлық серіктестерге, донорларға және қызметкерлерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», - деп, Болат Жәмішев өз шешіміне түсінік берді.
«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрайымы лауазымына қоғам қайраткері, қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Лаззат Шыңғысбаева сайланды. Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ, Қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны Басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма мүшесі етіп сайлады.
Басшылықтың ауысқанына қарамастан, Қор жұмысын қалыпты тәртіпте жалғастырады. Қордың Қамқоршылық кеңесінің пікірінше, басшылықтың ауысуы – бұл жаңа тарау, ол қайырымдылық қызметті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктерді ашады.