22 қазанда Ақтөбеде аутизммен және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарушы директоры, басқарма мүшесі София Айсағалиева қатысты.
Жаңа «Қамқорлық» орталығы аутизммен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бір жерде барлық қажетті мамандар мен әдістемелерді шоғырландырып, кешенді көмек алуға бірегей мүмкіндік береді.
Орталық 1,5-18 жас аралығындағы балаларды қабылдайды, дамыту сабақтары мен оңалтуды ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау дағдыларын да ұсынады. Мұнда оларға төсек жинау, дастархан жаю, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ дайындау үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты дамуына және тәуелсіз болуына септігін тигізеді.
Жасөспірімдер үшін ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханасында сабақтар қарастырылған, онда болашақта пайдасы тиетін қолөнерді игереді. Сондай-ақ, орталықта балалар роботтармен өзара әрекеттесу арқылы білім алатын робототерапия да пайдаланылады, бұл визуалды байланыс орнатуда қиындықтар тудыратын балаларға өте пайдалы. Бұған қоса, лего-терапия, робототехника, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары ұсынылады, бұл балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне, қоғамға сіңісуіне, жақсы өмір сүруіне ықпал етеді.
Орталық Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен құрылды: ғимарат беріліп, аутизмі бар балалардың қажеттілігін ескеріліп, бірегей дизайн-тұжырымдамаға сәйкес жөндеу жүргізілді. Орталықтың жабдықтары әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Жобаның серіктестері – «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қоры толықтай қаржыландырды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры орталық қызметкерлерін көп деңгейлі әрі сапалы даярлауды қамтамасыз етіп, ABA-терапияның халықаралық стандартына сәйкес маман даярлауды мойнына алды.
"Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру" қайырымдылық жобасы аясында орталықтар Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Тараз, Қостанай, Ақтөбе қалаларда ашылды, 2024 жылдың соңына дейін Ақтау қаласында ашылу жоспарлануда.