«Қазақстан халқына» қоры ауылдар мен моноқалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды, оның ішінде Қазақстанның өңірлерінде спорт нысандарын құру жөніндегі жобаларды жалғастыруда.
2024 жылдың 4 қазанында Жітіқара қаласында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевтің қатысуымен құрастырмалы модульді ангар типті спорт залы ашылды.
Басты мақсат – қала тұрғындарын командалық спорт түрлеріне тартуға жағдай мен мүмкіндіктер жасау. Жобаны жергілікті атқарушы органдар жеке серіктестермен бірлесіп жүзеге асырды. Solidcore Resources компаниясы «Қазақстан халқына» қоры арқылы жобаның доноры ретінде қатысты. Компания бұған дейін Жітіқара қаласында «Жігер» ашық стадионын қайта жаңғыртуды қамтамасыз етіп, біртұтас спорт кластерін құрған.
2023 жылдың қыркүйегінде техникалық түрде ашылған спорт залы бүгін тұрғындар арасында кеңінен танымал. Оған күн сайын ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, 100-ден астам ұлан келіп, жаттығады. Жаңа зал душ кабиналарымен, киім ауыстыратын бөлмелермен жабдықталған. Бұл спортпен айналысуға қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді. Техникалық қадағалауды қосқанда жобаның құны 162 млн теңгені құрады.
Қостанай облысындағы ангар типті екінші спорт залы Жангелді ауданы, Тауш ауылында салынып жатыр. Аталмыш қайырымдылық бағдарламасы аясында биыл «Қазақстан халқына» қоры еліміздің 7 облысында ангар типті 13 спорт залын орнатуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2024 жылдың соңына дейін серіктесіміз - «Батыр боламын» қоғамдық қорының, жергілікті кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «100 бала спорт залы» жобасын аяқтау жоспарлануда.