"Қазақстан халқына" қоры кімді қаржыландырады

Qazaqstanhalqyna.kz сайты іске қосылғаннан бері «Қазақстан халқына» қорына 13 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Жалпы, бүгінде Қорда 115 миллиард теңгеден астам қаражат жинақталған. Шұғыл әрекет етуді талап ететін мәселелер бойынша сараптамалық комитеттер жұмыс істеуде. Сонымен қатар, сайт пен әлеуметтік желідегі мессенджерлерге үй, көлік сатып алу, несие және басқа да қаржылық займдар бойынша міндеттемелерді төлеу, отбасылық іс-шаралар мен мерекелік шаралардың қаражатын өтеу туралы өтініштер әлі де түсуде. Еске салайық, Қамқоршылық кеңесі «Қазақстан халқы» қорының негізгі міндеттерін көрсететін Тұжырымдаманы бекітті. Осылайша, құжатқа сәйкес, Қордың қызметі болашақта аурулардың және мүгедектіктің ықтимал дамуын болдырмау мақсатында сәбилерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесуге, спорт және білім беру инфрақұрылымы, сондай-ақ балаларға арналған басқа да әлеуметтік маңызы бар қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, Қор мүгедек, науқас немесе әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған, қорғаншылық немесе патронаттық тәрбиені ұйымдастырған отбасыларға көмек көрсетумен және аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету үшін мектептермен өзара іс-қимыл жасаумен айналысады. Сонымен қатар, тізімге Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін сақтап қалу және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету кезінде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің отбасыларына, әскери қызметшілеріне, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету кіреді. «Бұл қызмет бағыттарын Қамқоршылық кеңес бекітті, ал басқа салалар Қор қызметіндегі басым бағыттарға жатпайды. Сондай-ақ, біз азаматтардың қаржылық проблемалары болуы мүмкін екенін түсінеміз. Алайда бұл мәселелердің барлығын Қор шеше алмайды. Сондықтан Тұжырымдамада көрсетілген қызмет бағыттарын мұқият оқып шығуыңызды сұраймыз», - деді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры
Дизайн десант көмегімен.