Сарапшылар эндаумент-қорлар туралы заңның тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды

II республикалық онлайн-конференциясында сарапшылар эндаумент-қорлар туралы заңның тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді.

Конференцияға «Қазақстан халқына» қорының, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Әділет министрлігінің, эндаумент-қорлар мен қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, зерттеушілер мен шетелдік сарапшылар қатысты. Жиында Қазақстандағы эндаумент-қорларды дамыту мәселелері, құқықтық негіздері талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Кездесу модераторы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев өңірлердегі көшпелі кездесулер мен қоғамдық ұйымдар басшыларымен онлайн-кездесулер барысында эндаумент-қорлар қызметі белсенді талқыланғанын атап өтті. Сонымен бірге президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буыны ретінде аталып, тақырып одан ары өзекті бола түсуде.

«Эндаумент-қорларды дамыту үшін преференциялар мен жеңілдіктерді көздей отырып, нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындау қажет. Бүгінгі таңда эндаумент туралы «Білім туралы заңда» ғана айтылған. Сондықтан бұл тұрғыда университетіміздің құқықтық ресурстарын ұсынуға дайынбыз», - бұл туралы M. S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Unıversıteti Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова мәлімдеді.

«Жүрек орталығы» («Центр сердца») қоры өкілдерінің пікірінше, алдағы заңда эндаумент-қорлардың тұғырнамасы, бизнеске арналған өнімдермен толтыру, демеушілер үшін кепілдік беру және басқа да мәселелерді қарастыру қажет.

Барлық ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау үшін Болат Жәмішев эндаумент-қорлар туралы заңның тұжырымдамасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. Топ құрамы конференцияға қатысушылар мен қазақстандық сарапшылар қатарынан құралады.

ММХҚИ Даму қорының (эндаумент) атқарушы директоры Марина Петрова эндаумент-қорларды дамытудың ресейлік тәжірибесімен бөлісті. Ресейде эндаумент туралы заң 2006 жылы қабылданған. Бүгінде елде 250 қор бар.

«250 қордың жартысынан астамы жоғары білім саласындағы қорлар. Нарық қаражатының көлемі шамамен 60 млрд рубль немесе 1 млрд доллар. Мысалы, АҚШ-та бір ғана қор қаражатының орташа көлемі 1 млрд долларды құрайды. Сондықтан даму белесі алда. Заңнамалық тұрғыдан алғанда қызмет саласы мен өкілеттікті кеңейту, қаражатты тікелей тарту және жұмсау, тікелей оқытушылар мен студенттерге гранттар беру, коммерциялық қызметті енгізу сияқты қолданыстағы тетіктерді жетілдіру бойынша талқылау жүргізілуде», - деді Марина Петрова.

Айта кетейік, эндаумент-қорлар қайырымдылық есебінен құралады және ауруханалар мен университеттер сияқты қайырымдылық және коммерциялық емес ұйымдарды қаржыландыруға бағытталған.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.