Қазақстан халқына» қоры білім гранттары иегерлерін халықаралық студенттер күнімен құттықтады

Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері білім беру гранттарының иегерлерімен онлайн-кездесу өтті.

Халықаралық студенттер күніне орайластырылған кездесу гранттар байқауының алдын ала қорытындыларымен таныстыру, сондай-ақ студенттермен кері байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылды. 

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева алғы сөзінде студенттерді мерекемен құттықтап, бүгінде 1960 студент Қордың білім беру гранттарының иегерлері екенін атап өтті.

«Біз еліміздегі әрбір бала отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болу керек. «Қазақстан халқына» қоры грант пен стипендия түрінде көрсеткен қайырымдылық көмек сіздердің өзіндік даму, армандарыңызды орындаудағы үлкен жолдың бастауы, әрі туыстарыңыз бен жақындарыңыз үшін қолдау болатынына үміттенеміз. Қазіргі таңда 1960 студент Қор есебінен 79 ұлттық, мемлекеттік және жеке жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алып, стипендия алады. Грант 1 млн теңгеге дейінгі оқу ақысын өтеп, «пысықтауды» талап етпейді», – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Қор төрағасының орынбасары «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ байқауды өткізу үшін ұсынылған цифрлық платформа, сондай-ақ оқу орындарының басшыларына бағдарламаны іске асыруға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.

Бағдарламаны әзірлеуге жастар мен олардың ата-аналарынан ЖОО-да оқу ақысын төлеуге жәрдемдесу туралы жазылған 1500-ден астам өтініші негіз болды. Соның ішінде Мария Кеңесованың өтініші ерекше себеп атанды.

«2021 жылы денсаулығыма байланысты университеттен шығып қалдым. Биыл қайта оралып, оқуымды жалғастырғым келді. Наурыз айында Қордың құрылғаны туралы естіп, бірден жүгіндім. Әзірше білім беру бойынша бағдарлама жоқ екенін, алайда мұндай бағдарлама пайда болуы мүмкін деп жауап берді. Содан кейін маған қоңырау шалып, тамыз айында Қор гранттар бойынша қайырымдылық бағдарламасын бастағанын, мұқтаж студенттер көп болған соң, білім беру гранттары бойынша бағдарлама әзірлеу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Барша ұйымдастырушыларға зор алғыс. Осы жылдың басында мен «тілектер картама» биыл оқу ақысын төлегім келетінін жаздым. Міне, тілегім оңай-ақ орындалды. Көптеген адамның да арманы орындалды. Бүгінде 2 мыңға жуық студент грант иегері атанды», – деп атап өтті С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенті Мария Кеңесова.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің дене шынықтыру бөлімінің 1 курс студенті Мейрам Иманов өз әсерлерімен бөлісті.

«Бала кезімнен спортпен шұғылданамын және әрдайым осы мамандыққа түсуді армандайтынмын. Өкінішке орай, биыл мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Алайда, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры маған тегін білім алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен үстел теннисінен спорт шеберімін және футболдан спорт шеберіне үміткермін. Болашақта мұғалім атанып, ерекшеліктері бар балаларды оқытуды көздеп отырмын. Оқу үрдісі өте ұнайды. Университет нағыз маман атану үшін сапалы білім беруде. Мемлекет басшысына және «Қазақстан халқына» қорына мүмкіндік бергені үшін, сондай–ақ оқу орнына сапалы білімі үшін алғыс айтқым келеді», – дейді Мейрам Иманов.  

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығы бойынша 3 курс оқып жатқан студент Гүлжанай Сәрсенова Қор өкілдеріне үндеу тастады:

«Отбасымызда алтаусыз. Тек анам жұмыс істеді, соның арқасында мен оқуға түстім. Мектепте жүргенде әрқашан грантқа түсуді армандайтынмын, бірақ түсе алмадым. Ата-анама оқудың ақысын төлеу қиын болды, бірақ оны маған көрсетпеуге тырысты. Мен де жұмыс істеп жүрдім. Курстастарым жазғы демалыста демалып жүргенде кезде, мен оқуға ақша жинау үшін жұмыста жүрдім. Гранттар байқауы туралы естігенімде, үлкен үміт пайда болды. Грантты жеңіп алғанымды білгенімде, өз көзіме сене алмадым... Менің ендігі арманым мен мақсатым сіздер секілді мұқтаж адамдарға көмектескім келеді. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін».

Алғыс сөздерін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 3 курс студенті Айна Даутова мен Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Ақнұр Ұзабаева да білдірді.

Өз кезегінде жоғары оқу орындарының өкілдері қайырымдылық бағдарламасының ерекше маңыздылығы мен тиімділігін атап өтіп, оның жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Ректорлар қауымдастығы бұл бастаманы ерекше сезіммен қабылдады. Студенттеріміздің әлеуметтік бейнесі біз үшін өте өзекті, олардың мәселесі – біздіңде мәселеміз.  Біздің университет бойынша 80-нен астам студент грант иегері атанды. Әсері қандай дейсіз бе? Осыған дейін біз мұқтаж студенттерді қолдауға арналған қаражатымыз болды. Бірақ Президенттің бастамасы мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында қаражатты үнемдеп, енді оны басқа да мұқтаж студенттерді қолдауға бағыттай аламыз», - деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дәрия Қожамжарова грант иегерлерін халықаралық студенттер күнімен құттықтады. Айтуынша, қайырымдылық бағдарламасы еліміздегі білім берудің қолжетімділігі мәселелерін шешеді.

Кері байланыс орнату үшін Телеграм желісінде арна құрылып, онда студенттер өз сұрақтарымен бірге, идеялары мен ұсыныстарымен бөлісе алады.

Онлайн-кездесу соңында Ләззат Шыңғысбаева қызықты студенттік өмір мен оқуда табыс тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында ақылы негізде білім алған әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 1960 талапкер мен бакалавриат студенттері білім беру грантының иегері атанды. Өтінімдерді қабылдау Қор серіктестерінің платформасы – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ арқылы жүзеге асырылды. Гранттар ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан; кәмелетке толғанға дейін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған; мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге ұсынылды.

Жақын арада гранттар байқауының үшінші кезеңінің қорытындысы жарияланады, онда алдын ала тізімге тағы 316 студент енгізілді. Растайтын құжаттарды алғаннан кейін Қор гранты берілетін студенттердің қорытынды тізімді жариялайды.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.