Қостанай облысындағы ауыл мектебінде 32 кабинет пен шеберхана жабдықталды

Қостанай облысындағы ауыл мектептерінің бірінде материалдық-техникалық база толық жаңартылды. Сарыкөл ауылындағы № 1 Урицкий жалпы білім беретін мектебі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жарақтандырылған үшінші ауылдық тірек мектеп. Бүгінде оқу орнында 302 бала оқиды. Мектеп облыс орталығынан 136 км қашықтықта орналасқан.

Интерактивті жабдықтармен, заманауи жиһаздармен, оқу-әдістемелік жиынтықтармен 32 оқу кабинеті мен шеберхана жабдықталған, ойын алаңдары орнатылды. FabLab, арт-студия, телестудия сияқты қосымша білім беру кабинеттері ашылды.

Оқушылар жаңаланған мектепті бағалап үлгерді. Сабақтар жаңа кабинеттерде өтіп жатыр.

«Мектебімізде жаңа кабинеттер, компьютерлер мен құралдардың болғанын армандадым. Қазір арманым орындалды. Осы мектебімде оқығаным өте ұнайды», - дейді 3 сынып оқушысы Алина Абжанова.

9 сынып оқушысы Владислав Кашиннің айтуынша, жарақтандыру оқушыларға жаңа тәжірибелік білім алуға көмектеседі. Владислав IQanat республикалық олимпиадасының II турының жеңімпазы және биология пәні бойынша жүлдегері.

 «Жақында мектебіміз жаңаланды, жаңа үйірмелер, зертхана ашылып жатыр. Менің ойымша соның арқасында тәжірибе жинақтап, оны болашақта оқуда және олимпиадаларда қолдана аламыз», – дейді оқушы.

Материалдық базаны жаңарту үшін «Қазақстан халқына» қоры 249 825 000 теңге көлемінде қаражат бөлді. Сондай-ақ, демеушілер қатарында «Қазақстан халқына» қорына қаражатын жіберген Beeline Қазақстан компаниясы бар.

«Өңірлік қағидат, ауылдық және қалалық мектептер арасында білім сапасы бойынша алшақтық бар екенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда еліміздегі мектептердің 71%-ы – 5262 мектеп ауылда орналасқан, оның 40%-ы шағын комплектілі мектептер. Сәйкесінше шағын мектептерде кадр мен техникалық жабдықтау мәселесі өзекті. Сондықтан тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы ауылдағы тірек мектептер үшін қолайлы білім беру ортасын құруға бағытталған, олар өз кезегінде шағын комплектілі мектептер үшін құзыреттілік орталығына айналуы тиіс», - дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірлердегі тірек мектептерді жарақтандыру бойынша жүзеге асырылып жатқан бастаманың маңыздылығын атап өтіп, облыста ауыл мектептерін қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. 

«Біздің облыстағы мектептердің көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан. Бір жыл ішінде облыс әкімдігі 77 ауылдық білім беру нысандарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлді, 2 млрд астам мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталды», - деді Еран Спанов.

Бүгінгі таңда «Қазақстан халқына» қорының серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «НЗМ» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Осы талдау нәтижелері негізінде мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар қалыптастырылады, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары айқындалады.

31 қазан мен 1 қараша аралығында ұстаздар Көкшетау қаласының НЗМ базасында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселелері бойынша екі күндік офлайн оқыту курстарынан өтті. Бұдан басқа, Қостанай қаласының НЗМ мектебінің базасында тірек ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арналған тағылымдама бағдарламасы мен интенсивті оқыту бағдарламасы басталды. Интенсивті бағдарлама аяқталғаннан кейін мектеп үш жылдық әдіснамалық қолдауға көшеді.

Еске салсақ, «Қазақстан халқына» қоры «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте тірек ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу. 17 ауыл мектебін жабдықтау жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында үш тірек ауылдық мектеп жарақтандырылды.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.