«Қазақстан халқына» қоры «Қанаттылар» инклюзивті театрына қолдау көрсетті

Елордада Семей полигонының зардабына арналған «Қызжылаған» спектаклінің премьерасы өтті. Спектакль «Қанаттылар» инклюзивті театрының II театр маусымын ашты. «Қазақстан халқына» қоры ерекше жандар театрына қолдау білдіріп, қайырымдылық көмек көрсетті.

Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы бойынша сахналанған «Қызжылаған» спектаклі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында қойылды. Спектакль режиссері –Абзалбек Максим.

Спектакль Семей полигонының құрбаны болған мүгедек қыздың тағдырына негізделді. Басты рөлді талантты параспортшы және актриса Малика Мұқтарова сомдады.

«Бұл спектакльдің және жалпы театрымыздың басты мақсаты дені сау адамдарға өмірдің қаншалықты құнды екенін көрсету, себебі ерекше адамдар үшін бұл бірінші кезекте мотивация. Қойылымның мәні Семей қаласындағы ядролық жарылыстың салдарын, Ләйлә сияқты өмір бойы баланың бейнесінде қалған қыздың тағдырын көрсету. Көрермендерге ядролық апаттың салдары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ауру балалардың туылып жатқанын, халықтың зардап шеккенін анық көрсетіп, ой салады. Жаратушы қолдап, жақындарымыз бен мемлекеттің көмегіне, «Қазақстан халқына» қоры сияқты серіктестеріміздің жәрдеміне алғыс білдіремін. Өнерді түсінетін және қолдайтын азаматтардың бар екеніне ризамын», - деді «Active Life» мүгедектер қоғамдық ұйымының жетекшісі, «Қанаттылар» театрының директоры Арнұр Ысқақов.

«Қазақстан халқына» қоры мүгедек адамдар мен балаларға бейімделуге және оңалтудан өтуге көмектесетін әлеуметтік маңызы бар медициналық және білім беру бағдарламалары мен жобаларын дамытуда. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Қор сахналық декорацияларды сатып алуға және костюмдерді тігуге, сондай-ақ спектакльді аудиовизуалды безендіруге және мультимедиялық сүйемелдеуге қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл мақсатқа Қор 14 миллион теңге бөлді.

Естеріңізге сала кетейік, Орталық Азиядағы алғашқы «Қанаттылар» инклюзивті театры 2021 жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылды. Театрдың мақсаты – мүгедек адамдардың дарынын дамыту, сахнада олардың шығармашылық әлеуетін ілгерілету, жаңа мүмкіндіктерді іске асыру, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, өмір мен өнерге деген құштарлығын арттыру. Қазіргі уақытта театрда тұрақты түрде 30-дан астам адам жұмыс істейді. Театр ұжымының басым көпшілігі ерекше қажеттіліктері бар актерлер.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.