Павлодар облысындағы ауылдық мектепте Stem-зертхана мен телестудия ашылды

Павлодар облысындағы №4 Ертіс орта мектебінің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, 34 оқу кабинеті мен шеберхана жарақтандырылды. Осылайша оқу орнының жеке STEM-зертханасы, арт-студиясы, хореографиялық залы мен телестудиясы бар.

Мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жүзеге асырып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасының аясында жарақтандырылды. Ауыл мектебін модернизациялауға 249 825 000 теңге бөлінді.

Дәл осы мектептің таңдалуы кездейсоқ емес. 367 оқушы білім алатын Ертіс орта мектебі жақын маңдағы мектептер үшін ресурстық орталық. Жаңартылған материалдық-техникалық базасы бар және оқыту саласында жаңа тәсілдер енгізілген оқу орны шағын жинақты мектептер үшін құзыреттілік орталығына айналады.

«№4 мектеп Қараағаш, Қызылқақ, Селетин, Қарақұдық, Майқоңыр сияқты мектептер үшін тірек мектеп. Бұл оқу орындарында оқушылар саны аз, сәйкесінше материалдық базаның деңгейі төмен. Жылына үш рет демалыс кезінде біз 10-11 сынып оқушыларына оқу курстарын, сондай-ақ 7-8 сынып оқушыларын облыстық және республикалық олимпиадаларға дайындауды ұйымдастырамыз. Оқыту Ертіс мектебінің базасында осы мектептің үздік педагогтарының қатысуымен және дарынды балаларға арналған облыстық мектептерден мұғалімдерді шақырумен өтеді. Көбінше жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге көп көңіл бөлеміз, өйткені мектептерде зертханалық базасы әлсіз. Осылайша балалар жекелеген пәндер бойынша білімдерін толықтырады», – деді Ертіс ауданының білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

«Қазақстан халқына» серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және НЗМ жергілікті мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуді бастады. Жақында ауданның 36 пән мұғалімі Семей қаласында оқыту курсынан өтті.

«Жоба ауыл мектептерінің дамуына, білім сапасын жақсартуға бағытталған. Ауыл мектебін алып, онда білім беру ортасын, оқыту сапасын, осы мектептің инфрақұрылымын талдап, содан кейін қажетті жұмысты бастаймыз. Осы бағытта мектептің материалдық базасын толық жаңарту және НЗМ әдіснамасы мен тәжірибесін енгізу арқылы мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысы іске асырылады. Сонымен қатар жоба аясында Павлодар қаласының НЗМ базасында Ертіс мектебінің мұғалімдерін тағылымдамадан өткізу бағдарламасы басталды», – деді Білім беруді тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев.

Тірек мектептің алғашқы нәтижесі бірнеше жыл ішінде байқалады. Соның ішінде зерделеген білімдері мен дағдыларын оқушылар түрлі зияткерлік олимпиадалар мен байқауларда көрсете алады, дейді мектеп өкілдері.

Сатып алынған жаңа құрал-жабдықтармен оқушылар белсенді түрде зертханада тәжірибелік тапсырмаларды орындай бастады.

«Зертханада тәжірибелер жүргіземіз. Цифрлық микроскоппен жұмыс істей бастадық. Жаңа құралдарды қолдану арқылы биология сабағы қызықтырақ өтуде. Жаңа мектебіміз бізге қатты ұнайды, одан ары жарқын бола түсті», – дейді 8 сынып оқушысы Камилла Нұрсейітова.

Сонымен қатар мектеп телестудиясында да шығармашылық жұмыс қызу жүріп жатыр. Оқушылар бейне жобаларды бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мұғалімдер мұнда онлайн сабақтарды жазып, өз тәжірибелерімен басқа мектептермен бөлісе алады.

«Біз телестудияны «Жас ұрпақ» деп атадық. Қазір студия командасын жасақтап жатырмыз. Мектептегі іс-шараларды түсіріп, сұхбаттарды жазуды, өзіндік бейне контент жасау жоспарда бар. Жасаған жұмыстарымызбен әлеуметтік желілерде бөлісіп отырамыз», – дейді 10-сынып оқушысы Қарлығаш Нұрлыбекова.

Жақын арада мектеп әкімшілігі ата-аналар мен жұртшылық үшін Ашық есік күнін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Онда жаңартылған ауыл мектебі мен оның  әлеуеті таныстырылады.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Ақмола облысында алғашқы тірек мектебінің таныстырылымы өтті. Өңірдегі Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы орта мектепті жабдықталды. Қор қайырымдылық бағдарламасы аясында барлығы 17 ауылдық тірек мектепте материалдық-техникалық жаңартуды жүргізеді. Оларды жарақтандыру үшін 4 млрд 250 млн теңге бөлінді (әр мектепке 250 млн теңгеден).

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.