Қазақстандық пара-хоккейшілер құрамасымен кездесу өтті

Астана қаласындағы «Тарлан» спорт кешенінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев еліміздегі жалғыз пара-хоккей командасының мүшелерімен кездесті. Кездесуге Ұлттық параолимпиада комитетінің (ҰПК) хатшысы Ерлан Сүлейменов, Астана қаласының пара-хоккей федерациясының басшысы Қайрат Сабыров, «Каспий» спортты дамыту қоры» ҚҚ атқарушы директоры Абдусаид Назаров қатысты.

Кездесуде еліміздегі пара-хоккейді дамыту бойынша өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

ҰПК өкілі Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, өңірлерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандандырылған мұз сарайларының болмауына байланысты пара-хоккей жеткілікті деңгейде дамымаған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жалғыз мұз сарайы Астанада ҰПК қолдауымен құрылған «Тарлан» спорт кешенінде орналасқан. 5 жыл бұрын пара-хоккей құрамасы пайда болғанымен, қаржылық қиындықтарға байланысты өткен жылы ғана толығымен құрылды.

«Бүгінде команда 18 адам бар, оның ішінде бір қызымыз және екі жаттықтырушымыз бар. Ең жасы 17-де болса, үлкені 57 жаста. Жеткен жетістіктеріміз баршылық. Биыл құрама Омбыда өткен «Сібір Кубогы» халықаралық турнирінде күміс, Ханты-Мансийскіде «Біргеміз. Спорт» атты паралимпиадашылардың қысқы ойындарында қола медаль жеңіп алды. Өткен жылы Сочидегі «КХЛ Континент Кубогы» хоккейден халықаралық турнирде төртінші орын алды. Бірақ басты мәселелеріміздің бірі – спорттық жабдықтар. Қызмет мерзімі небәрі 5 жыл болса да, спортшылар 2017 жылы сатып алынған жабдықтарды әлі қолданып келеді. Сондықтан, біз мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету және хоккейге арналған шана мен сырғытпа таяқтарды сатып алуға жәрдемдесу туралы ұсыныспен Қорға жүгініп отырмыз. Құраманың қарқыны жақсы. Осы уақыт ішінде өз жанкүйерлеріміз бен пара-хоккеймен айналысқысы келетін пікірлес жандар көбейді», – дейді Астана қаласының пара-хоккей федерациясының басшысы Қайрат Сабыров.

Ол сондай-ақ мемлекеттің инклюзивті спорт қоғамдастығының мәселелеріне, басқа өңірлерде мүмкіндігі шектеулі хоккейшілерді жаттықтыру үшін мұз сарайларында спорттық жарақтандырудың болмауы сұрақтарына назар аударуы қажет екенін атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендірудің негізгі және тиімді құралдарының бірі – спорт. Бұл бағытта біз «Тұсау кесер» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ерекше балалар үшін еліміз бойынша бес дене шынықтыру-сауықтыру үйірмесі құрылды. Ата-аналар үйірмелерге тұрақты барудың нәтижесінде балалардың физикалық және эмоционалдық дамуынан оң өзгерістерді байқағанын атап өтуде. Сондықтан Қордың қолдауы кең ауқымды халықты қамтуға және параспортты танымал етуге мүмкіндік беретін жобаларға бағытталған. Паралимпиадашыларды спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ұсынылып отырған қайырымдылық жобасы Қамқоршылық кеңестің қарауына шығарылады. Паралимпиада комитеті мен Федерация пара-хоккейді дамыту, сондай-ақ балаларға арналған спорт секцияларын құру жөнінде нақты ұсыныстарды әзірлеуі қажет», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.

Болат Жәмішев спортшылардың киім ауыстыратын бөлмесіне барып, пара-хоккей командасының мүшелерімен әңгімелесті. Кейін құрама мүшелері дағдылары мен мүмкіндіктерін мұз аренасындағы көрсетілім матчта танытты.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.